"Жасы 95-ке келген Өксікбай атты абыз ақсақалдан ағамыз "ең керемет жас қай жас екен?" - деп сұрапты. Сонда ол кісі: "70 жас екен, шырағым", - депті. "Мен таңқалдым" дейді Мұхамеджан ағамыз. Себебі, әдетте, адамдар 25-30 не 40 жасын айтады ғой. Сондықтан "неге 70 жас?" деп сұрадым. Сөйтіп едім, ол кісі "Ей балам, жас кезде адам бойында күш-қуат көп болады, ол адамды әр нәрсеге ұрындырады. Сөйтіп жаныңдағы жақыныңның, өмірдің қадірін білмей біраз жерге кеп қалады екенсің. 40-тан аса берген кезде бала-шаға өседі, елмен араласасың, біреумен таласасың, абыр-сабыр өмірде жүріп, көп нәрсеге мән бере қоймайсың. Ал, жасың 70-ке келген кезде жақының кім, жатың кім, досың кім, қасың кім, балаң қандай, немерең қандай, өмірде не тындырдың, артыңа қарауға бір сәт мүмкіндігің болады екен", - деді. Сосын мен айттым, сіз 70-ті мақтайсыз, елдің бәрі 100-ге кел" деп тілек айтады, сіз соған кеп қалдыңыз ғой, неге соны ауызға алмайсыз?" деп едім, "Ей балам, оны айтып жүрген 100-ге келмеген адамдар ғой" деді. Ал неге деп едім. "Е, балам, 70-те үйге өзің кіріп-шыға аласың, елге, топқа қосыла аласың, ал 90 жаста топтан қала бастайсың, сенімен сырласатын адам қалмайды. Сондықтан құр 95 деген жасың болмаса, сенің қадіріңді біліп, қасыңда отыратын адам қалмайды екен, шырағым", - деді. Сол кезде мен түсіндім "Е, шіркін, 95-ке келген 10 бала тәрбиелеген ақсақалдың сөзінен ұққаным, дүниеде қандай биікке жетсең де, өмірдің қандай қызығын көрсең де, соңында сырласатын, сұхбаттасатын, сені түсінетін, сыйлайтын, әр белесіңді білетін адамың қалмаса, бәрі бекер екен, ең қымбат нәрсе сол екен ғой дүниеде деген ой түйдім", - деді.

Теги других блогов: продвижение SEO Google