Адаммен амандасқанда бетіне тура қарау керек. Алдыңда кім тұрса да денеңді бұрып, назарыңды салып амандас – деп ескерту айтты маған Бейсен аға. «Айтуға оңайға» жұмысқа тұрып жатқан кезім. Дәлізде бір жігіттермен сөйлесіп тұрып, Бейсен ағамен атүсті амандасқан болуым керек. Осындай ағалық сын естідім. Ол кісімен танысқаныма да көп болмаған. Журналистикада жүріп, екі күннің бірінде әкім, депутаттан, әншіден сұхбат алып жүрген адам адам онша-мұнша танымал адамды елей бермейді. Менікі де соның кері шығар.
Ертесі күні ойымда ештеңе жоқ, жұмыс істеп отырған едім, аға қасыма келіп, «Батыр, қалайсың?», - деді.
- Шүкір, жақсы.
- Түнде ұйықтай алмай шықтым.
- Неге?
- Кеше саған қатты айтып қойған сияқтымын. Жігіттердің көзінше сын айтқаным дұрыс болмады деп түні бойы мазам кетті. Оңаша шығарып айтуым керек еді, - деді. «Өй, аға дұрыс істедіңіз. Көңіліме алған жоқпын», - деп ақталып жатырмын. Бірақ осы оқиғадан кейін ол кісі маған адамгершіліктің үлгісіне айналып кетті. Іштей «гуру» тұтатын болдым.
Бұл Бейсен ағаның парасатын алғаш байқаған оқиға болғандықтан ғана есімде қалды. Әйтпесе, одан кейін мұндай таң қаларлық адамгершілік қырын күнде көретін болдым. Біразы ұмыт болды.
Мені інім деп жақын тартты. Анау-мынау баратын жерлері болса ала кетеді. Кейде шопыр боп ілесем, кейде әңгіме айтып жол қысқартушымын. Анау балалық шағынан бастап, алғашқы махаббаты, құлағаны мен қайта тұрған кездері туралы сырларын ақтарып бөліседі. Мен де тартынып қалмаймын. Арамызды он бес жас бөліп жатқанын ұмытып, құрдасымен отырғандай бүкпей сөйлей беремін.
Ең үлкен ерекшелігі - адамдармен қарым-қатынасы еді. Ешкіммен самарқау сөйлеспейді. Сөйлескенде адамға бар болмысымен назар аударады.
Бір күні Бейсен аға екеуіміз бір кафеде шай ішіп отырмыз. Неге екені есімде жоқ, көңіл күйім жоқ еді. Бұл жолы да салғыртпын.
- Сен үшін қазір ең қымбат адам кім? – деп төте сұрақ қойды. Не деп жауап берерімді білмей, жұрттың бәрі айтатын тіл ұшындағы жауапты айттым.
- Шешем.
- Таппадың.
- Ендеше кішкентай қызым шығар.
- Таппадың.
- Білмейм онда. Өзіңіз айтыңыз.
- Саған қазір ең қымбат адам кім екенін білмеймін, бірақ кім болуы керек екенін білемін.
- Кім?
- Мен. Дәл қазір мен болуым керек. Алдыңда кім отырса, қасыңда кім тұрса, кіммен сөйлесіп тұрған болсаң сол адам саған ең қымбат адам. Ал егер жұмыс істеп жатсаң сол жұмысың, көлік айдап келе жатсаң – жол қымбат. Мысалы сен қазір менімен сөйлесіп отырсың. Бірақ ойың басқа жақта. Біреуді немесе бір шаруаны ойлап тұрсың. Ертең сол адамыңмен кездессең ойың тағы басқа біреуде болады. Сөйтіп еш уақытта осы шақпен түйісе алмайсың. Үнемі алдыңда болатын бір іс, бір шаруа, қиялыңдағы бір жетістік маңызды сияқтанады да тұрады. Жалған үмітпен өмір сүріп, осы шақтың ләззатын, осы шақтың сұлулығын сезіне алмайсың, - деп аяқтады.
Ағамның басты ерекшелігі сөзімен ісінің үйлесуінде еді. Қазір бүкіл қоғам ақыл айтатын, кез келген адам саған мораль оқи беретін кез. Бірақ ешбірі өзі айтып тұрған сол моральді тұтынбайды. Ол кісіде кейде керісінше болып кетеді. «Адам алдымен өзін жарылқауы керек, адам өмірінде жетістікке жетуі» керек деп насихат айтады. Бірақ еш уақытта өзін жарылқауды бірінші орынға қойған жоқ. Табысты, байлықты, жетістікке жетуді де негізгі мақсат еткен жоқ. Оларды құдайдан бонус ретінде алған болуы керек.
Қарым-қатынас демекші, көшедегі қайыршылармен де жұрттан бөлекше сөйлесетін. Әдетте біз қолын жайып тұрған адамға бес-он тиын тастаймыз да, іштей бірдеңе бітіргендей кете барамыз. Бейсен ағада ондай жоқ. Еш уақытта бес-он тиын тастамайды.
Бірде Алматыдағы бір кітап дүкеніне бара жатыр едік. Күн салқын. Апақ-сапақ уақыт. Жұрт жұмыстан шығып үйді үйіне тарап жатқан қарбалас кез. Біреуді біреу елеп жатқан жоқ. Дүкен маңында бір келіншек қол жайып тұрған болатын. Бейсен аға қасына таяп барды да, «қарындасым, не болды? Не күн туды басыңа?» - деп сұрады. Ол кісі Бейсен ағаны танымаған болуы керек: «беретін ақшаңыз болмаса кете беріңіз» деп дөрекі жауап қайырды. Шамасы жұртттың бәрі, қайыр сұрағанша жұмыс істемейсің бе деп ақыл айта беретін болуы керек. Ағаның орнында мен болсам «өзің біл ендеше» деп кілт бұрылып кете берер едім. Бейсен аға ары қарай қазбалай бастады:
- Балаларың бар ма еді?
- Төрт балам бар.
- Осы Алматыда тұрасың ба?
- Біреудің үйінде тұрамыз. Жұмыс іздеп көрдім. Таба алмадым. Енді қайтем, не істе дейсіңдер – деп ақтала жөнелді.
- Біз былай істейік, мен бір жігітке тапсырам, сені қаланың жұмыспен қамту орталығына апарып тіркейді. Ал балаларыңның мәселесін бөлек ақылдасайық. Телефоның бар ма еді, болмаса қазір бір жерден сатып алайық – деп мәселе шешуге кірісіп кетті. Хабарыма кейіпкер боп келе қал, - деген жоқ. Осындай көрініс құдайдың құтты күні қайталанып жататын. Бір күні қайыршыға көмектеседі, бір күні өнерде жолы болмай жүрген пақырды тауып алады. Енді бір күні қызына сөз сала алмай жүрген бозөкпеге қол созып, жоспар құрып, ғашықтарды табыстыру операциясын бастап кетеді. Қысқасы, күн сайын, сағат сайын біреудің қажетін тауып, кірпіш боп қалана беретін.
Негізі Бейсен аға өміріндегі төте бір бұрылысқа, бәлкім ажалға іштей дайын еді. Өзі ғана емес, айналасындағыларды да дайындап жүретіндей. «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді? Бүгін өмірге самарқау қарап, жарық күннің ләззатын сезінбейсің. Ертең ойламаған жерден бірдеңеге ұрынып, түрмеден бір-ақ шығуың мүмкін. Олай болмасына кім кепіл? Небір жақсылардың түрме көріп шыққанына өзің куәсің. Сондай жағдайда өзің рухани сынып қалмауың үшін қазірден рухыңды шыңдауың керек. Екіншіден, отбасың, бала-шағаң қиналып қалмауы үшін әрдайым тұрмысын реттеп, дайын жүруің керек»,- дегенді аузынан талай естігем. Қысқасы, осылай ел алдында мәңгі шалқып жүрмесін сезетін. Бірақ ажалды емес, түрмені күткен сияқты. Бәлкім бұған басшылық қызметте жүргендегі кейбір оқиғалар себеп болған шығар. Жетісу телеарнасының кешені салынып жатқан кезінде күштік құрылымдардың бірі ағаны қысып, қомақты ақша дәм етеді. Бейсен аға «қаражат неге бөлінді - соған жұмсалады. Бір тиынын да ешкімге бере алмаймын» деп қысқа қайырыпты. Соған кектенген бопсалаушылар жан жақтан ор қаза бастаса керек. Соған алаңдап та жүрді. Бірақ, облыс әкімі Батталов «Бейсен, уайымдама, өзіңдікі тура екеніне сенімді болсаң, соңына дейін бірге барамыз»,- депті.
Бірақ ол кісідегі күдік мұндай өзіне қатысты нақты оқиғалардан ғана туған жоқ. «Біздің қоғамда бәрі болып жатыр, бәрі мүмкін» дейтін. Мәселен, қайбыр жылы үкіметтің «шетелдіктерге жер сатып алуға рұқсат беретін» реформасына кейін елде наразылық толқулар бастады. Бейсен аға да наразылығын білдіріп, әлеуметтік желідегі аватарына «Жер тағдыры – менің тағдырым» деген стикерді ілді де, телефонын өшірді. «Қазір басталады» деп күлді. Артынша ол кісіні жан жақтай іздей бастады. Алдымен телеарна басшылығы іздеді. Жұрттың бәрі «Бейсен қайда, өшірсін» деп «Айтуға оңайдың» продюссері Алияны тергепті. Онан соң министрліктен, ақыр соңы АП-дан ізеген екен. Мұндай стикерді әлеуметтік желіде бəрі салып жатыр. Оны елеп жатқан ешкім жоқ. Бірақ Бейсен аға сияқты халықтық авторитеттің наразылық білдіруі биліктің шымбайына қатты батса керек. Бірақ аға «Тәуекел, қажет болса одан да арыға барармыз» деп күтті.
Бір күні екеуіміз бір қазаға бара жаттық. Бір үйдің 20 жастағы баласы көлік апатына түсіп қайтыс болған екен. Қасында тағы екі жолдасы болған. Үшеуі де тіл тартпай кетіпті. Ол кезде ағамның бойындағы аты жаман аурудың диагнозы белгілі болып қойған. Әр түрлі ем алып жүрген кезі. Жол үстінде бір жерге тоқтап, асықпай шай іштік. Ол кісінің аузынан өлім туралы әңгімені сол кезде алғаш естідім. Әрине, ондай ауру адамды ойландырмай қосын ба? Өмірін әбден електен өткізіп, өмірді де, өлімді де қабылдап үлгерген кезі.
- Құдайға ренжитін жөнім жоқ. Түптеп келгенде бұл ауру маған құдайдың берген сыйы. Мына балалар сияқты ойда жоқта кетіп қалсам не болады? Аз-маз кідіріс жасап, жан жағыңа қарап, мына ауаның, мына күннің, мына өмірдің кереметін сезініп барып өлгенге не жетсін? Өмірмен, жақындарыңмен, туған туыс, дос жаранға қош айтып кеткеннен артық не бар? Бұл құдайдың маған берген шақыртуы ғой. «Әй құлым, дайындал»,- кетеміз деген хат. Шақырту бермей алып кетсе бір сәрі. Қалай разы болмайын? Қайда барсам жұрт алақанына салып құрметтеді, төрден төмен отырмаймын. Мына үш жігітті қарашы, ештеңені сезінбей, ештеңе көрмей, өмірдің дәмін сезбей адаспай, жолына қайта түспей, қыршын кетіп қалды. Менің өмірден көргенім осы үшеуінің көргенінен артық шығар. Бір өзім бес адамның өмірін сүргендеймін. Қайтып ренжимін. Қабылдаймай қайда барам? Әрине, құрғырдың ауруы жанға батады. Кейде шыдатпайды. Сол ғана кішкене қажытады. Әйтпесе, құдайыма ризамын,- деді.
Сөйткен ағамызды енді түсімізе ғана көріп жүрміз. Ол да болса жанға демеу. Бір күні «өңімде» игі жақсы ағалармен алқа құрып, құдайды еске алып отыр екем. Арасында Рахат Мамырбек отыр. Ол кісі де менің шыңдалуыма себепкер болған, өзіме ұстаз тұтатын ағаларымның бірі еді. Келгеніне риза болып қалдым. Оң жағыма қарасам Бейсен ағам бар екен. Орнынан тұрып келіп, «Жүрші екеуіміз әңгімелесейік, сырласпағалы көп болды»,- деді. Келе жатып өзі ойымнан өзім шошып тұрып қалдым: «жақында ғана өмірден озбап па еді, бұл қалай боп кетті» деп түсінбей тұрмын. Ойымды оқып қойғандай, «Не, өмірден озсам сырласпай қоясың ба?!» деп жалт қарады. Әзілдеп тұрған сияқты. Селт етіп ояндым. Әрине, сырласамыз, Аға. Кейде басқа іс түскенде «Бейсен аға болса өйтер еді, мынадай жағдайда бүйтер еді» деп ғайыптау нұсқаулық алып отырамыз. Құдай сырдан тимасын. Рухыңыз пейіште шалқысын.
Saken Nurkabekuly