Бұл жалған алдап кетер аяғында,
Өкінбе өткен іске баяғыда.
Сүйе бер сүмбіл бұрым сұлуларды,
Шарап іш, өміріңді зая қылма.
Маскүнем, арам дей бер, өзіме аян,
Маскүнем, сараң дей бер, өзіме аян.
Сыртымнан, сырым білмей, сын тақпа тек,
Жақсы де, жаман дей бер, өзіме аян.
Пайда жоқ бұл заманда толы достан,
Жақсы ғой жұртпен сирек жолығысқан.
Біреуге серігім деп сене қалсаң,
Алдымен саған соның өзі дұшпан.
Қайғырсам, дүние қаңырап бос қалады,
Еңіресем, етегіме жас толады.
Қан дария әр талында кірпігімнің,
Көз жұмсам, жерде топан басталады.
Шын сүю көкке балқып күн шығардай,
Сүйгенің, күйіп-жансаң, тынши алмай.
Бұлбұлдай нала шеккен сүйген емес,
Сүйген сол - өле білсең үн шығармай!
Жүрекке ғашық дерті толған - бақыт,
Жар жолына бас құрбан болған - бақыт.
Сабыр ет ғашығың сәл ренжітсе,
Ісіне жардың күйіп, тоңған - бақыт.
Біл, досым, дәм таусылып, мезгіл жетер,
Ендеше, ғашық сүйіп, көңіл көтер.
Сұлулық салтанаты баянсыз ғой,
Басыңнан о да, ақыр, бір күн кетер.
Таң атты, жақсы жігіт, оян! Бол, тұр!
Кесеңе қызыл-жақұт шарап толтыр.
Алар дем аманат қой бұ жалғанда,
Бір кетсе, оралмайды, шарап келтір!
Сау жүрсем, құра алмаймын сауық-сайран,
Мас болсам, жын соққандай салам ойран.
Масаңдау жүретін бір кез болады-ау,
О, шіркін, нағыз өмір сол ғой, қайран!
Өкінбе, өткен күнді ойлай-ойлай,
Келер күн келмей жатып салма ойбай.
Қайтесің келер күн мен кеткен күнді,
Өмірді өткізіп қал ойын-тойдай.
Дүниеде табу үшін жан жәннатын,
Өмірдің тату үшін бар ләззатын.
Тұрмыстың іргесін нық қалау үшін,
Күндіз-түн шараптың жұт бал шәрбатын.
Қайтесің бар мен жоқтың мәнін ойлап?
Баянсыз бақ-дәулеттің қамын ойлап?
Беймағлұм демің бітіп, тоқтар күнің,
Шарап іш, олай болса дәмін ойлап.
Я, Раббым, алдым толы ас етсейші,
Басқаға барлығымды паш етсейші.
Ойлатпай қу дүниеңді, есімді алып,
Шарапқа ылғи мені мас етсейші!
ОМАР ХАЙЯМНЫҢ РУБАЙЛАРЫ